СМАРТ АУРУХАНА

Егер ауырып тұрсаңыз, ішкі жейдеңізді тексеріңіз

Аурухана 2040 жылы қалай жұмыс істейді? Болашақтағы денсаулық сақтау жүйесіне шолу жасау.

Болашақтың адамдары және ауруханасы

Einfaches RGB

Карла түскі ас кезінде құлап қалғандықтан, оның әріптестері шынымен алаңдаған болатын. Бірақ олар жедел жәрдемге хабарласпай, Карланы ақырын отырғызды. Себебі ол алғашқы көмекшісі — жейдесін киіп жүретін еді. Смарт киім ЭКГ ақпаратын, жүрек соғысының жиілігін және тері өткізгіштігін өлшеу үшін тігілген датчиктерді қолданады, содан кейін Карланың бұдан бұрынғы денсаулық күйі және генетикалық сипаттамалары сияқты денсаулық ақпаратын қарастыру үшін бағдарламалық жасақтаманы пайдаланады. Бағдарламалық жасақтама өмірге қауіпті жүрек ұстамасын анықтайды — бұл бағалауды Карланың смарт қол сағатына жібереді, сол кезде тоқтау сигналы секілді қызыл түс жыпылықтайды. Бұл жедел жәрдемнің келе жатқандығын білдіреді.

1-қадам: диагноз

Карла — ойдан шығарылған тұлға. 45 жастағы Карла 2040 жылы орталық Еуропа қаласында тұрады. Ол шылым шекпейді, спортпен белсенді түрде шұғылданады және флекситариандық — 2040 жылғы қала жағдайларындағы қалыпты диетаны ұстанады. Бірақ болашақтағы адамдар да күйзелістен зардап шегеді. Сондай-ақ Карланың жүрек-қан тамырлары аурулары қаупін арттыратын генетикалық бейімділігі бар. Және қазір осы қауіп орын алды: оның жүрегі ұстап қалды. Төтенше жағдай шамдары. Аурухана. Бұл 2040 жылғы ауру адамға қалай әсер етеді? Денсаулық сақтау жүйесі бүгінгідей жұмыс істейді ме? Біз Карламен бірге болашақ ауруханасына саяхат жасаймыз. «Мен оптимистпін. Менің ойымша, денсаулық сақтау жүйесімен байланысты маңызды мәселе он не жиырма жылдан кейін жойылады» – дейді Буркхард Рост, Мюнхен техникалық университетінің биоинформатика профессоры, есептеу биологиясы саласының зерттеушісі. Қазіргі уақытта деректердің құпиялылығы туралы заңдар денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық қатысушылардың желі арқылы байланысуына әлі де тыйым салады. «Ауруханалар, дәрігерлер және тіпті аурухана ішіндегі жеке бөлімшелер бір-бірімен әрең байланысып, деректер алмасады» – дейді Рост. Бірақ ол қазір бар деректердің кең ауқымына — қан сараптамасының нәтижелеріне, тұқым қуалаушылық туралы ақпаратқа, тәжірибелерден алынған деректерге, зерттеулерге немесе смартфон қолданбаларына жақын арада қол жеткізуге болады деп сенеді. «Молекулярлық медицина саласында 2015 жылы 1990 - 2005 аралығындағы кезеңге қарағанда көбірек деректер жинақталды» – дейді Рост. Жыл сайын барлық медициналық деректердің көлемі айтарлықтай өсіп отырады, сондықтан зерттеушілер мен дәрігерлердің деректерді пайдалануға мүмкіндіктері және өкілеттілігі бар болса, заңдылықтар мен емдеуге қатысты жаңалық ашуы ықтимал. Сондықтан бүгінгі таңда емделушілер жиірек тексеріліп отыруы тиіс. «Осыған байланысты емделушілер зардап шеккенде, біз құнды ресурстарды және уақытты жоғалтудамыз» – дейді Рост. 

„Егер 2040 жылы деректер заңсыз пайдаланудан тиісті түрде қорғалатын болса және дәрігерлер мен күтім көрсетуші тұлғаларға кез келген уақытта қолжетімді болатын болса, бұл мединицалық саладағы түбегейлі өзгерістерге әкеледі.“

– дейді Буркхард Рост, Мюнхен техникалық университетінің биоинформатика профессоры.
Einfaches RGB

Карла қазір ауруханаға жеткізілді. Емделушіні тізімге қосудың немесе емделуші жазбасын жасаудың қажеті жоқ. Дәрігерлер Карла туралы барлық маңызды ақпаратты, соның ішінде Карланың ішкі жейдесіндегі айлар бойы жазылған толық ЭКГ талдауын ол келмес бұрын өз планшеттерінен немесе смартфондарынан қарап шыққан. 2040 жылы медициналық мекемелер емделуші туралы деректерді бөлек сақтамайтын болады. Емделушінің сандық файлы дәрігерлерге кез келген уақытта және кез келген жерде қолжетімді болады. Сондай-ақ дәрігерлер қатерлі ісік тіркелімі секілді ақпаратты алу үшін арнайы бағдарламалық жасақтаманы және ғаламдық дерекқорларды пайдаланатын болады. Осы жерлерде өздерінің қойған диагнозын әлемдегі басқа жағдайлармен салыстыра алады. Емделуші де көмектесе алады: екі күн бұрын ішкі жейде жүрек талмасының болуы мүмкін екенін Карлаға ескерткен болатын, себебі датчиктер оның ЭКГ талдауындағы өзгерістерді тіркеді. Оның дәрігерге бармағаны – бұл өзінің денсаулығына немқұрайлы қарауы.

2-қадам: танысқаныма қуаныштымын, мен жасанды сана дәрігерімін

Einfaches RGB

«Бүгінгі таңда рентгенологтар алғашқы рентгенологиялық сынақта қуықасты безі қатерлі ісігінің 11-14 пайызын елемей кетеді» – дейді Fuse-AI бастамасының негізін қалаушы Максимилиан Вашка. «Жасанды сананы қолданатын бағдарламалық жасақтаманың көмегімен қателерді бір пайызға дейін азайтуға болады.» Қуықасты безі қатерлі ісігінің МРТ кескіндерін қарап, қатерлі ісік деп есептелетін жасушалар жиынтықтарын белгілейтін бағдарламалық жасақтаманы 25 жастағы Вашка өзінің әріптестерімен бірге әзірлеуде. Келесі жылы бағдарламалық жасақтама нарыққа шығарылады және диагнозды сенімді түрде қояды. «Бүгінгі таңда рентгенолог диагноз қою алдында әрбір МРТ сканерлеуінің мыңдаған жеке кескіндерін қарап шығуы қажет. Бұл шамамен 30 минут уақыт алады.»

Ал Вашканың бағдарламалық жасақтамасы үшін он бес минут жеткілікті болады. Карла үшін бұл ең алдымен: оның диагнозы бүгінгі күнге қарағанда анағұрлым сенімді болатынын білдіреді. Сондай-ақ ол әсіресе қатерлі ісік немесе жүрек талмасы секілді аурулар кезінде сауығып кетуге елеулі түрде әсер ететін дұрыс емді жылдам қабылдайды. Карла ауруханаға осындай қысқа уақытта жеткендіктен, оның жүрек бұлшықеті тінінің жансыздану қаупі төмен болады және оның кейін созылмалы жүрек жеткіліксіздігінен зардап шекпеу мүмкіндігі жоғары.  

3-қадам: барлығы қол созым жерде

Einfaches RGB

Ауруханалар көбінесе үлкен лабиринттерге ұқсайды, ол жерде көптеген адамдар адасып кетуден қорқады. Шексіз залдар, суық неон шамы, бес түрлі лифт кесірінен хирургия бөлімшесінің қайда екенін ешкім білмейді. Ал медбикелер, дәрігерлер мен жоспарлаушы мамандар үшін адамдардың және материалдардың A нүктесінен B нүктесіне мейлінше жылдам жетуі маңызды. Уақыт — денсаулық сақтау жүйесіндегі аса маңызды фактор. «Қазір ауруханаларды адамдар мен тауарлар ағыны мейлінше жылдам әрі тиімді жылжитындай етіп салып жатырмыз» – дейді Каролина Лоферт Преториус. Дәрігер, аурухананың жоспарлаушы маманы Лоферт өзінің Lohfert – Praetorius A/S компаниясымен Скандинавия, Германия, Австрия және Швейцария елдерінде ауруханалар салған және ол ескі, жаңа стандарттарды біледі. «Ескі ауруханалар көбінесе павильон құрылымында салынған: бөлімшелері аурухана алаңындағы жеке, шағын ғимараттарға бөлінеді» – дейді Копенгаген дәрігері. «Бірақ бұл тиімсіз. Көбінесе бір бөлімнен екіншісіне көлікпен баруға тура келеді.» Сонымен қатар өнімдер мен адамдар ағыны шоғырланған жерлерде қақтығысу жиі орын алады. «Келушілер мен ауыр жағдайдағы емделушілердің жанынан қоқыс жинайтын көлікті көресіз.» Егер барлығы ол ойлағандай жүзеге асырылса, болашақ ауруханада қателіктің және уақытты жоғалтудың ықтимал көздері бұдан былай орын алмайды. Карла жан сақтау бөліміне түскеннен бірнеше минут өткен соң ота жасау бөлмесіне бірден жіберіледі және ол үшін басқа ғимаратқа ауыстырудың қажеті жоқ.  «Бөлімшелер мен ауруханалар барлық нәрсені бір ғимараттан табуға болатындай жинақы салынған» – дейді Лоферт Преториус. «Шығын аз болуы және тиімді болуы үшін орталықтандыру үрдісі байқалады.» 2040 жылы ауруханалар саны азаюы мүмкін. 

„Бірақ бұл орталықтар неғұрлым тиімді жұмыс істеп, белгілі бір салада ғана мамандандырылуы қажет. Осылайша емдеу сапасы жақсарады.“

– дейді дәрігер, аурухананың жоспарлаушы маманы Каролина Лоферт Преториус

4-қадам: ота жасау бөлмесінің кең болуы

Einfaches RGB

Карла ота жасау бөлмесіне жылдам жеткізілді. Бүгінгі бақылаушылар үшін бөлме өте бос болып көрінуі мүмкін. Болашақтағы ота жасау бөлмесінде құрылғылар саны айтарлықтай азаяды. Мысалы ол жерде МРТ кескіндеріне арналған үлкен мониторлар немесе рентген түтікшелері болмайды. Хирург жалғыз жұмыс істей беруі мүмкін.  Смарт көзілдірік сыңарының ендірілген экранында хирургтер емделушіні және оның жеке дене бөліктерін үлкейте алады және олардың алдындағы жалғыз экранда барлық маңызды ақпарат болады. Бағдарламалық жасақтама Карла геномының шифрын бірнеше жыл бұрын шешкендіктен, дәрігерлер оның генетикалық түріне сәйкес келетін ең дұрыс ота жасау әдісін таңдай алады. Ота жасауды бастау алдында Карланың хирургі хирургиялық роботтың бағдарламалануын тексереді. 

„Болашақта дәрігерлер көптеген клиникалық көрсеткіштер саласында толық автоматтандырылған хирургиялық роботтармен үнемі жұмыс істейтіні сөзсіз“

– дейді медицина маманы және B. Braun Aesculap компаниясының зерттеу және дамыту басқармасының мүшесі — Катрин Штернберг.

«Біз адамдар мен технологиялар арасындағы жоспарланған топтық жұмыс түрін көретін боламыз.» Тіпті бүгінгі таңда Da Vinci роботтандырылған операциялық жүйесі хирургиялық простатэктомияның дәстүрлі әдісін жиі алмастырады. Адамдар Da Vinci жүйесін енгізілімді тінді мұқият кесу әрекетіне бағдарламалайтын джойстик көмегімен басқарады. Оның мақсаты — емделушілердің осындай оталардан кейін ауырсынуы мен өзін-өзі тежей алмауын және қан жоғалтуын барынша азайту. Сондай-ақ болашақта ота жасау уақыты айтарлықтай азаюы тиіс. «Сонымен қатар 2030 жылы жасанды буын секілді импланттар датчиктермен біріктіріледі, олар мәселен, емделушінің белгілі бір спорт түрімен шұғылдануы кезінде артық жүктеме туралы хабарлайды немесе жергілікті қабыну реакциясы жағдайында қажет болса, денеге дәрі таратады» – дейді Штернберг. «3D принтерлері жеке емделушіге дәл сәйкес келетін импланттарды үлгілейді.»  Карла үшін бұл: операциялық жүйе өте жоғары дәлдікпен және барынша аз қан жоғалту арқылы енгізетін стенттің өзі белсенді заттарды бөлетінін және асқынулар орын алса, дәрігердің смартфонына хабарлама жіберетінін білдіреді.

Карла бұл туралы хабардар емес. Ол әлі де наркоз әсерінде жатыр. Бірақ олай болмаған жағдайда, ол бүгінгі күні және 2040 жылы ауруханаға бару әрекетінің арасындағы үлкен өзгерісті байқамайтын еді. «Емделушілер өзгерістерді Атлант мұхитының үстінен ұшқан кезде ұшақты басқару процесін білмейтін жолаушы секілді байқамайды» – дейді Эссен университеттік ауруханасының бас директоры және бас дәрігері — Йохен Вернер. Ол өзінің ауруханасына арналған негізгі жоспар жасап, қазіргі уақытта оны смарт ауруханаға айналдыруда. «Емделуші көп жағдайда күйзелістердің, күту уақыты мен проблемалардың азайғанын байқайды» – дейді Вернер.

Медицина маманы және B. Braun Aesculap компаниясының зерттеу және дамыту басқармасының мүшесі Катрин Штернберг. Мюнхен техникалық университетінің биоинформатика профессоры Буркхард Рост Дәрігер және аурухананың жоспарлаушы маманы Каролина Лоферт Преториус Германиядағы Эссен университеттік ауруханасының бас директоры және бас дәрігері, профессор Йохен Вернер Люнебург қаласындағы (Германия) Лейфана университетіндегі денсаулық психологиясының профессоры Дирк Лер

5-қадам: емдеу және сауықтыру

Карла аурухана төсегінде оянған кезде, солтүстікке қарайтын үлкен терезесі бар кең бөлмеде жалғыз болады. 2040 жылы бүгінгі жағдайға қарағанда бір орынды бөлмелер көбірек және жайлырақ болады. «Бөлмеде шамдар көбірек болса, адамдар кедергісіз әрі жақсы ұйықтайды, сүйтіп тезірек сауығып кетеді» – дейді аурухананың жоспарлаушы маманы Лоферт Преториус. «Ауруханада аз болу емделушіге де (ол үйіне тезірек қайта алады), денсаулық сақтау жүйесіне де пайдалы.»

Болашақ ауруханасында мүлдем жаңа операциялық жүйе болады. Бұл заманауи емдеу әдістері, ең жақсы бөлмелер және заманауи, жеке гендік дәрі-дәрмектер өз бағасын ақтайды. «Бірақ сандық жүйеге көшу, емделушілердің электрондық файлын енгізу, ота жасау уақыты мен ауруханада жату уақытын қысқарту және генетикалық талдаулардан алынатын диагноздарды қате анықтаудың азаюы арқылы осы өзгерістерді орындау үшін кететін шығын айтарлықтай азаяды» – дейді аурухана басшысы Йохен Вернер. Зерттеулер бойынша бүгінгі таңда қолжетімді ресурстар арқылы тек бұрыннан бар сандық ресурстарды жүйелі пайдаланудан 35 миллиард еуроға дейін үнемдеуге болады. Эссен университеттік ауруханасында, мысалы көптеген жобалар «Медициналық бұлтты» жасау үшін заманауи IT жүйелерінің негізіндегі жасанды сананы пайдаланады, ол смарт аурухананың негізгі элементі ретінде бүкіл алдын-ала және кейінгі емдеу саласын қамтиды.

„Сандық жүйеге көшу дәрігерлердің адамдарға көмектесу және оларды емдеу секілді негізгі міндетін орындауына көмектесетініне сенемін. “

– дейді Эссен университеттік ауруханасының бас директоры және бас дәрігері — Йохен Вернер
Einfaches RGB

Карла ауырсынуды сезінеді, мазасызданады, өзін жайсыз сезінеді. Сол кезде ол тәжірибеден өтуші медбикені шақырады. Ол экранда бірден пайда болады. Камера Карланы түсіреді және оны медбике де көре алады. «Сізге қандай көмек көрсете аламын?» – деп сұрайды ол. «Мен ауырсынуды сезіп жатырмын. Мен қай жердемін?» – дейді Карла. Медбике емделушіні тыныштандырады. Ол Карланың жағдайын өзінің планшетінен қарап шығып, дәрі-дәрмекті қабылдауын қадағалайды, ал Карлаға ауырсынуды басатын дәрілер беріледі.  «Клуге деген дәрігер жақын арада, бірнеше минуттан кейін сізді көруге барады» – деп сендіреді ол.

„Болашақта қолданбалар мен қашықтағы медицина кеңінен таралады.“

– дейді Лейфана университетіндегі денсаулық психологиясының профессоры — Дирк Лер

Люнебург қаласындағы Лейфана университетіндегі денсаулық психологиясының профессоры электрондық денсаулық сақтау саласының сарапшысы болып табылады және психологиялық аурулары бар емделушілерге арналған қолданбалар мен онлайн бағдарламалар әзірлейді. 2040 жылы емделушілердің саны 2019 жылға қарағанда әлдеқайда аз және ауруханада қалу уақыты қысқаратын болады. Профессор Лердің айтуынша, онлайн бағдарламалар, қолданбалар мен смарт қол сағаттар аурудың алдын алуға және сауығып кетуге көмектеседі, сондай-ақ жетістікке жетуге жұмылдырылады. Карланың жағдайында, бұл оның күйзелісті азайтуға үйренетіндігін білдіреді. Оның жұмыс ортасын құратын виртуалды шындықта ол өзінің бастығынан демалыс уақытын ұзарту және шектеулерді барынша тиімді етіп қою туралы сөйлесуі мүмкін.

Болашақ емделуші үшін аурухана жағдайы бүгінгі күнгі аурухана жағдайынан әлдеқайда жақсы болатыны сөзсіз. Себебі оны жақсы емдейтін болады, жазылу мүмкіндігі жоғары болады, дәрігерлер мен медбикелер оның жеке қажеттіліктері үшін көбірек жауапты болады. «Бұл құпиялылық және тамақтану секілді ұсақ-түйектерден де байқалады» — дейді аурухананың жоспарлаушы маманы Лоферт Преториус.

Карланың қарны ашты. Ол планшетіндегі аурухана желісіне кіріп, мәзірдің әртүрлі ұсыныстарынан тауық сорпасын немесе басқа қалаған тағамын таба алады. Ауруханада бұрын тамақтанып көрген адам бұның өте жақсы мүмкіндік екенін түсінеді.

Download

Сипаттамасы Құжат Сілтеме
If you feel sick, consult your undershirt
pdf (1.6 MB)